Суға шомылу маусымы ашылғаннан-ақ құтқарушылардың жұмысы қарбаласып кетеді. Олар жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарына 201 рейд жасап, 20 мыңнан астам тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріп, үнпарақтар таратқан.
Қауіпсіздікті күшейтуге төтенше жағдайлар департаменті ықпалымен құрылған «Жас құтқарушы» клубы да көмек беріп отыр.
«Жасыратыны жоқ, қауіпсіздікті елемейтіндер әлі де көп. Соның салдарынан жыл басынан 3 адам суға кетті. ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша 5 адамға хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Қазір профилактикалық жұмыстарға 225 еріктіні жұмылдырып отырмыз», дейді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғафур Ақмырзаев.
Онлайн режимде облыстың 31 548 оқушысына «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбы бойынша интерактивтік сабақтар өткізіліпті. Биылғы оқу жылында облыста 187 «Жас құтқарушы» үйірмесі құрылып. оларға 1753 бала қатысыпты.
Жуырда осы клубтар арасында облыстық сайыс өтеді. Үздік шыққан команда Көкшетау қаласында өтетін негізгі сайысқа жолдама алады.